ШҚО-да «Жыл құсы — 2026» мекендейді

Елімізде құстарды қорғау ісіне назар аудару мақсатында жыл сайын «Жыл құсы» таңдалады. Биыл бұл атақ қарақұсқа (қара дрозд) берілді. Мұндай шешім Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы мен ҚР құстарды қорғау одағының орнитологтары ұсынған дауыс беру нәтижесінде қабылданды.
Қарақұс ормандарда, саябақтарда және елді мекендердің жасыл аймақтарында мекендейді. Оның ерекшелігі — елімізде қыстап қалатын жалғыз құс болуы. Ол қыста жылы жаққа ұшпай, жыл бойы адамға жақын жерде тіршілік етеді.
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Константин Прокоповтың айтуынша, облыста қарақұстың таралу аймағы солтүстік шекарада орналасқан.
— Мен Өскеменде қарақұсты алғаш рет 2009 жылы көрдім. Біз жақта бұл құстың таралуы тұрақсыз, кейде көбейіп, кейде азайып отырады. Ол негізінен Алакөл және Зайсан қазаншұңқырларында кездеседі. Бұдан бөлек, ара-тұра кездесетіндері Оңтүстік Алтайда — Бұқтырма аңғарында, Аршаты және Катон-Қарағай ауылдары маңында байқалған. Ал биыл қыста Үлбі ауданында қарақұстың бір жұбы қоректеніп жүргені анықталды, — деді ол.
Қарақұс Шығыс Қазақстан үшін сирек кездесетін құс түрі саналады. Ол өзге құстардың арасында әсем әрі әуезді әнімен ерекшеленеді. Сондықтан бұл құсты қорғау табиғатты сақтаудың маңызды бөлігі болып табылады.



