ШҚО мен Алтай арасында 16 жаңа келісім жасалды

Шығыс Қазақстан облысы мен Ресейдің Алтай өлкесі арасында ынтымақтастықты нығайту бағытында 16 келісімге қол қойылды.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Алтай мемлекеттік педагогикалық университетіне барып, оқу орнының жұмысымен танысты. Университет заманауи әдістер арқылы маман даярлап, Қазақстанмен байланысын дамытып келеді.
Кездесу нәтижесінде екі тарап студенттер мен оқытушылар алмасу, бірлескен ғылыми жобалар жүргізу және оқытуға жаңа тәсілдер енгізу бойынша 16 келісімге қол қойды.
Сапар барысында облыс басшысы университет жанындағы Қазақ мәдени орталығында да болды.
– Мәдени орталықта қазақ тілі, тарихы мен ұлттық дәстүрлері сақталып, дамып келеді. Бұл – екі ел арасындағы мәдени және байланыстарды нығайтуға үлкен үлес қосуда, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сонымен қатар делегация №136 мектепте болып, білім беру үдерісіндегі жаңа технологиялармен танысты. Мектепте 2000-ға жуық оқушы білім алады, түрлі үйірмелер мен спорт секциялары жұмыс істейді.
Тараптар білім саласын цифрландыру және мұғалімдерді даярлау мәселелерін де талқылады. Облыс басшысы бірлескен жобалар шекаралас өңірлердің тұрақты дамуына серпін беретінін атап өтті.



