Өскеменде аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті

Өскемен қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында «Білім берудегі жаңашылдық: тәжірибе және ықпал ету» тақырыбында аймақтық ғылыми-практикалық конференция өтті. 300-ден астам педагогті бір арнаға тоғыстырған конференцияның мақсаты — білім беру саласындағы заманауи жаңашыл тәжірибелерді талқылау, педагогтердің кәсіби дамуына ықпал ететін тиімді әдістермен бөлісу және білім беру жүйесіндегі өзгерістердің нақты әсерін көрсету.
Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінен 200-ден астам педагог тыңдаушы ретінде қатысты. Сонымен қоса 100-ге жуық болашақ ұстаздар, яғни мұғалім мамандығында білім алып жатқан студенттер арнайы шақыртумен қатысты. Конференция алаңы тәжірибе алмасуға, кәсіби диалог орнатуға және жаңа идеяларды талқылауға мүмкіндік берді.
Конференцияға офлайн форматта арнайы қонақ – спикерлер шақырылды.Атап айтқан Туленов Бауыржан Алтаевич — білім беру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар сарапшы, Ziyat AI жобасының авторы, Алимбаева Алина Кажирахимовна — білім беру саласының эксперті, директор, әдістемелік жүйелерді дамыту бойынша маман, Бекахметов Ғабит Қайратұлы — жазушы, халықаралық білім беру жобаларының негізін қалаушы, Duke University және University of Oxford түлектерінің бірі, Аралбек Берікұлы — математика пәні мұғалімі, республикалық олимпиадалар жүлдегері, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері.
Сонымен қатар конференцияға 219 педагог-спикер қатысып, өздерінің практикалық тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара білім беру саласындағы кәсіби қауымдастықты біріктіретін маңызды алаңға айнала отырып, болашақта үлкен көлемде жалғасын табатын жоба болатынына сенім мол.



