Қазақстандағы кәсіпкерлердің көбісі әйелдер

Қазақстанда әйелдер саны 10 488 074 адамға жетті. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Статистика бойынша, әйелдердің 29,1 пайызы – 0-15 жас аралығында. Ал 55,5 пайызы 16 мен 60 жас аралығында болса, 15,4 пайызы 61 жастан жоғары.
Өңірлер бойынша ең көп әйел Алматы қаласында тұрады. Мұнда әйелдер саны 1,2 миллионға жеткен. Түркістан облысында – 1 миллион, Астана қаласында – 803,5 мың, ал Алматы облысында – 778,5 мың әйел бар.
Қазақстандағы әйелдердің орташа жасы – 34,1 жас. Ал олардың күтілетін өмір сүру ұзақтығы 79,4 жылды құрайды.
Елдегі жұмыспен қамтылғандардың 48 пайызы – әйелдер. Яғни шамамен 4,4 миллион әйел жұмыс істейді. Жалдамалы қызметкерлердің жартысы әйелдер болса, өз бетінше жұмыспен айналысатындардың 45 пайызы да әйелдер.
Жұмыс істейтін әйелдердің басым бөлігі білім беру, сауда және денсаулық сақтау салаларында еңбек етеді. Мысалы, білім саласында – 20 пайыз, саудада – 19 пайыз, ал денсаулық сақтау саласында 10 пайыз әйел жұмыс істейді.
Сонымен қатар елдегі жеке кәсіпкерлердің 50,8 пайызы – әйелдер. Ал жұмыс істейтін әйелдер арасында ең көп топ – 35-44 жас аралығындағы азаматтар. Бұл санатта шамамен 1,3 миллион әйел бар.



