Жаңалықтар

Өскеменде жаңа май зауыты ашылды

ҚР Тәуелсіздік күні қарсаңында өңір экономикасы үшін маңызды жаңалық орын алды. Өнеркәсіптік әлеуетті арттыратын “ALTAI MAI” жаңа май экстракциялық зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Мерекемен тұспа-тұс келген бұл бастама елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, экспорт көлемін ұлғайтуға әрі аймақтың өндірістік дамуына жаңа тыныс беруді көздейді, деп хабарлайды Shygyslife.

Жаңа зауыт – өсімдік майын қабылдау мен кептіруден бастап, экстракциялау, тазарту, сақтау және буып-түюге дейінгі барлық үдерісті қамтитын толық циклді заманауи кешен. Өндіріс аумағы соңғы үлгідегі жабдықтармен жабдықталып, жұмыс жүйесі толық автоматтандырылған. Салтанатты шара барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл өндірістің өңір үшін маңызын ерекше атап өтті.

•⁠ ⁠Құрметті жерлестер, бүгін біз еліміздің өңдеу саласындағы үлкен іс-шараның басында тұрмыз. “ALTAI MAI” – көптен күткен, өңір экономикасына тың серпін беретін зауыт. Инвесторлар бұл жобаға 23,5 млрд теңге инвестиция құйды. Қазір мұнда 280 адам еңбек етсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 350 жұмыс орнына дейін ұлғаяды, — деді аймақ басшысы.

Кәсіпорында күнбағыс пен рапс сияқты жергілікті майлы дақылдар терең өңделіп, тазартылған және тазартылмаған өсімдік майы, сондай-ақ шрот пен пеллеттер өндіріледі. Өнім сапасы халықаралық стандарттарға сай болуы үшін шикізаттың әр партиясы бірнеше кезеңнен тұратын зертханалық тексеруден өтеді.

Зауыттың өндірістік қуаты да ауқымды. Тәулігіне 500 тоннаға дейін күнбағыс тұқымын өңдеуге мүмкіндік бар. Бұл көрсеткіш кәсіпорынды тек өңірде ғана емес, ел көлеміндегі ірі май өндірушілердің қатарына қосады. Бас технолог Дәулен Бейсембаевтың айтуынша, зауыт тәулігіне 178 тоннаға дейін сығылған май өндіре алады. Ай сайын 15 мың тонна, ал жылына шамамен 163 мың тонна күнбағыс тұқымы өңделеді. Өнімдер Қытай, Иран, Тәжікстан және Азия елдеріне экспортталып жатыр, ал болашақта Еуропа мен Араб елдерінің нарығына шығу жоспарланған. Қазірдің өзінде Қытай компаниялары ынтымақтастыққа қызығушылық танытуда.

Экологиялық қауіпсіздік те назардан тыс қалмаған. Зауытта ауаға шығатын қалдықтар арнайы сүзгілер арқылы тазартылады, қалдықсыз технология элементтері енгізілген, ал өндіріс қалдықтары мал азығына пайдаланылатын өнімге айналады. Жергілікті шикізатқа негізделген, “Made in Kazakhstan” белгісі бар өнім шығару – кәсіпорынның басты ұстанымы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button