Жаңалықтар

Қазақстанда 600-ден астам стоматологияда тексеріс жүріп жатыр

Елімізде 3 жасар қыздың өлімінен кейін республика аумағында 622 стоматологияларды жоспардан тыс тексеру басталды. Мұндай шара Бас прокуратураның тапсырмасымен жүргізіліп отыр.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, кейінгі жылдары жеке стоматологияларда балаларға наркоз сала отырып бірнеше тісті бір уақытта емдеу жиілеген. Министр бұл тәжірибе тек нақты медициналық көрсетілім болған жағдайда қолданылуға тиіс екенін атап өтті.

Әлназарованың сөзінше, жалпы анестезия — жоғары тәуекелі бар күрделі процедура. Мұндай ем кез келген клиникада анестезиологиялық және реаниматологиялық стандарттарға толық сәйкес келуі керек. Ол үшін білікті маман, арнайы құрал-жабдық және қауіпсіздік талаптарының сақталуы міндет.

Министр ата-аналарға да сақ болуға кеңес берді. Оның айтуынша, кейбір клиникалар коммерциялық мақсатта «бір ретте барлық тісті емдеп береміз» деген ұсыныс жасайды. Алайда ұзақ наркоз және бірнеше тісті бір мезгілде емдеу баланың жүрек, тыныс алу және жүйке жүйелеріне қосымша қауіп тудыруы мүмкін.

Әлназарова мұндай тәсіл тек нақты диагнозбен расталған жағдайларда қолданылуы қажет екенін баса айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button