Жаңалықтар

Облыс әкімі Маралды тұрғындарымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тәуелсіздік күні қарсаңында Самар ауданы тұрғындарымен өткен есептік кездесуден кейін Маралды ауылының халқымен жүздесті. Кездесу ашық, сабырлы әрі мазмұнды өтті. Жиында жастардың белсенділігі ерекше байқалды.

«Олар туған ауылында өмір сүріп, еңбек етуге, өз кәсібін дамытуға және өңірдің өркендеуіне үлес қосуға ниетті екенін жеткізді. Соңғы уақытта Маралды ауылында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды: ауылішілік жолдар жөнделді, электр желісі тартылды, балалар мен спорт алаңдары салынды, орталықтандырылған ауызсу мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келеді, мектептің шатыры жаңартылды», — деді аймақ басшысы.

Келесі жылы мектеп ғимаратының ішкі жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Кездесу барысында кәсіпкерлік пен экология мәселелері жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі, денсаулығы және ауылдың тұрақты дамуы ең негізгі басымдық екенін жеткізді.

«Осындай кездесулер халықтың пікірін тікелей естуге мүмкіндік береді. Көтерілген мәселелер нақты әрі орынды. Әрқайсысы бойынша жүйелі және ашық жұмыс жүргізіледі. Тұрғындармен ашық диалогты алдағы уақытта да жалғастырамыз»,-деді Нұрымбет Сақтағанов.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button