Өскемен әуежайы әзірге жекешелендірілмейді

Шығыс Қазақстанда соңғы күндері талқыланған Өскемен әуежайының жекешелендірілуіне қатысты түсініктеме берілді. Объект Үкіметтің №908 қаулысымен жекешелендіруге ұсынылған активтер тізіміне енгізілгенімен, процесс стратегиялық себептерге байланысты уақытша тоқтатылды.
«СПК «Ертіс» өкілдерінің мәліметінше, әуежайдың нарықтық құнын тәуелсіз бағалау 2025 жылдың қаңтарында жүргізілген. Нысан 2021–2025 жылдарға арналған жекешелендіру жоспарына ресми түрде кірген.
Алайда Президент Жолдауынан кейінгі басымдықтарды қайта қарау нәтижесінде шешім өзгертілді. Жақын уақытта облыста екі жаңа әуежай — Катонқарағай мен Зайсан қалаларында — іске қосылмақ.
Ведомствоның айтуынша, бұл әуежайлар өңір туризмі мен көлік қатынасы үшін стратегиялық маңызға ие. Сол себепті жекешелендіру мерзімін өзгерту қажеттілігі туындаған.
СПК өкілдері өңірдің авиациялық инфрақұрылымын бірыңғай басқару орталығы арқылы үйлестіру маңызды екенін атап өтті.
«Жаңа әуежайлардың толыққанды жұмыс істеуі үшін бірыңғай сервис стандарттары, қауіпсіздік жүйесі және техникалық қызмет көрсету талаптары қажет. Бұл міндетті қазіргі оператор — «Өскемен әуежайына» жүктеу ең тиімді шешім», — делінген хабарламада.
Осы себепті облыс әкімі көлік министріне жекешелендіруді 2027–2028 жылдарға ауыстыру туралы ресми ұсыныс жіберген. Бұл бастама министрлік пен Бәсекелестікті қорғау агенттігі тарапынан қолдау тапты.
«Әуежайды жекешелендіруден бас тарту туралы шешім жоқ. Тек жаңа әуежайлар іске қосылғанға дейін процессті уақытша кейінге қалдыру туралы шешім қабылданды», — деп түйіндеді «СПК «Ертіс».



