Өскеменде Аяз ата резиденциясы ашылады

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында «Аяз ата, Ақшақар – 2025» атты халықаралық фестиваль өтеді. Ауқымды мерекелік шара балаларға ерекше қуаныш сыйламақ.
Фестиваль аясында 16:00-де Өскемен қаласындағы Солжағалау кешенінде Аяз ата резиденциясының салтанатты, маусымдық ашылуы өтеді. Бұл резиденция жыл сайын наурыз айына дейін жұмыс істеп, Аяз ата балаларды қабылдайтын ерекше мерекелік орынға айналмақ.
Резиденцияның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау. Аяз ата балалармен суретке түсіп, оларды жаңа жылмен құттықтайды, жылы тілектер айтады. Сонымен қатар балалар өз армандары мен тілектерін арнайы жазып қалдыру мүмкіндігіне ие болады.
Жоба аясында қайырымдылық бағыт та кеңінен қамтылған. Резиденцияға кәсіпкерлер мен қала тұрғындары «құпия Аяз ата» ретінде қатысып, камерасыз әрі жасандылықсыз балалардың арманын орындауға үлес қоса алады. Бұдан бөлек, «Жақсылық терезесі» ұйымдастырылады. Бұл жерге тұрғындар балаларға қажет, пайдалы сыйлықтарын әкеліп қалдыра алады.
– Бұл жоба – балалардың жүзінен қуаныш көру үшін жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Әрбір тұрғын мейірімділік танытып, жаңа жылды жақсылықпен қарсы ала алады, – деді Шығыс Қазақстан облыстық филармония директорының орынбасары Нұрлан Серікпаев.
Аталған бастама мемлекет қамқорлығындағы балаларға, сондай-ақ ата-анасы бар, бірақ қаржылық жағдайы төмен отбасылардағы балаларға арналған. Осылайша қала тұрғындары жаңа жыл қарсаңында балаларды қуантып, ізгі іске атсалысуға мүмкіндік алады.
Жиналған сыйлықтарды Аяз ата мен Ақшақар жаңа жыл күндері қала аумағын аралап, балаларға өз қолдарымен табыстайтын болады.



