Басты жаңалықЖаңалықтар
ШҚО-да үш күн қатарынан қар жауады

Шығыс Қазақстан облысында алдағы күндері қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Бұл туралы Қазгидромет 3–5 қарашаға арналған ауа райы болжамында хабарлады.
Мамандардың мәліметінше, 3 қарашада атмосфералық фронттардың әсерінен өңірде жауын-шашын болады. Кей жерлерде қар қалың жауып, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Сондай-ақ облыс аумағында жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы күндері ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жолда абай болу ескертіледі.



