Экология саласында оң динамика байқалады – Министрлік деректері

Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2025 жылғы экологиялық көрсеткіштерді жариялады.
Министрдің мәліметінше, ірі кәсіпорындардың нормативтік эмиссиялары 2022 жылмен салыстырғанда 148 мың тоннаға немесе 7,2% төмендеді, бұл қол жетімді ең жақсы технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, 78 кәсіпорынның 74-і ластану туралы деректерді нақты уақыт режимінде автоматтандырылған мониторинг жүйелері арқылы жібереді.
Қалдықтарды басқару саласында да оң өзгерістер бар. Елде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі, олардың 28,6%-ы қайта өңделеді. 63 жоба мақұлданып, оның 22-сі 89,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. Министрлік 2030 жылға қарай қайта өңдеуді одан әрі арттыруды жоспарлап отыр.
Экология министрлігі халыққа таза ауа, қалдықтарды тиімді басқару және биоәртүрлілікті сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын хабарлады.



