ШҚО-да 5 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алып жатыр

Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған форумда аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл бағыттағы маңызды көрсеткіштер туралы айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы еліміз үшін ерекше мәнге ие болды. Биыл облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Жаңа мамандықтар ашылып, шеберханалар мен зертханалар кезең-кезеңімен жаңартылды, мемлекеттік білім беру тапсырысы ұлғайды. Биыл колледждерде оқуға 7 мыңнан астам орын бөлінді», — деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда 5 мыңнан астам студент дуалды оқыту жүйесі бойынша өндірістегі кәсіби мамандардың жанында білім алып жатыр, бұл оларға нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Форум аясында білікті кадрларды даярлауда, дуалды оқытуды дамытуда және жұмысшы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыруда жоғары нәтижелер көрсеткен кәсіпорындар мен колледждер марапатталды.
• «Жылдың үздік меценаты» номинациясы «Казцинк» ЖШС-ға берілді.
• «Үздік әлеуметтік серіктес» номинациясы Өскемен титан-магний комбинатына, Үлбі металлургиялық зауытына, Өскемен жылу электр орталығына және тағы бірнеше кәсіпорынға табысталды.
• «Үздіксіз білім беру серіктесі» номинациясы С.Аманжолов атындағы ШҚУ, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ және Қазақстан-Американ еркін университетіне берілді.
Сонымен қатар WorldSkills, AgroSkills және Abilympics-2025 республикалық чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Шығыс Қазақстан облысының әкімі атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.



