ШҚО-да ардагерлер ұйымдарының облыстық пленумы өтті

Шығыс Қазақстан облысында ардагерлер ұйымдарының облыстық пленумы өтті. Жиынға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ардагерлер қозғалысының атқарған жұмыстары мен алдағы басым бағыттары талқыланды.
Пленумды ашқан облыс әкімі ардагерлердің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесінің зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстандағы көптеген жетістіктер аға буын өкілдерінің еңбегі, жауапкершілігі мен ұрпақтар сабақтастығының арқасында жүзеге асып келеді.
Кездесу барысында жастар тәрбиесі мәселесіне ерекше назар аударылды. Баяндамада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған патриотизм, қоғамға адал қызмет ету, еңбекқорлық пен жауапкершілік құндылықтарының маңызы сөз болды. Осы ретте ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен моральдық беделі жас ұрпақтың құндылықтарын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны айтылды.
Сондай-ақ цифрландыру мен әлеуметтік желілердің ықпалы күшейген кезеңде тірі үлгі мен тәлімгерліктің мәні арта түсетіні атап өтілді. Аға буын өкілдері ғана жастарға еңбектің қадірін, Отанға деген құрметті және саналы өмірлік таңдаудың маңызын жеткізе алатыны айтылды.
Қазіргі таңда облыста 140 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Өңірде 121 мыңнан аса адамды біріктіретін 13 ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олар қоғамдық өмірге белсене араласып, қоғамдық келісімді нығайтуға және әлеуметтік маңызы бар бастамаларды жүзеге асыруға үлес қосып келеді.
Пленум қорытындысында белсенді ардагерлерді марапаттау рәсімі өтті. Ардагерлер қауымдастығының белсенді өкілдеріне өңірдің дамуына,қоғамдық келісімді нығайтуға қосқан үлесі мен белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс хаттар мен марапаттар табысталды.



