Басты жаңалықЖаңалықтар

ШҚО туризмі: өңірдің заманауи имиджін қалыптастыру

Шығыс Қазақстан өңірі облыс аумағынан тыс жерлерде көбіне туристік аймақ ретінде емес, өнеркәсіптік өңір ретінде қабылданады. Тіпті Қазақстанның өзінде адамдар Бухтарма жағалауын, Самар құмдарын немесе Сібин көлдерін емес, көбінесе Бурабай көлін немесе Қапшағай су қоймасын жақсы біледі. Таулы аймақтар мен қорықтағы табиғатты ұнататындар Іле Алатауына жиі барады, алайда олардың көпшілігі Катонқарағайда қандай бай табиғи мұра бар екенін толық елестете бермейді.

Мәселе тек логистикада немесе туристік инфрақұрылым деңгейінде ғана емес, дегенмен бұл факторлардың да маңызы бар. Шығыс Қазақстан әзірге туристерді тарта алатын танымал әрі кеңінен насихатталған брендтері қалыптаса қоймаған, бейнелі түрде айтқанда «жиексіз асыл тас» іспетті.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда Катонқарағайдың туристік бренді белсенді түрде қалыптасып келеді. Бұл брендті ілгерілетуге 2025 жылдың жазында осы көркем өлкеде өткен ауқымды «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі айтарлықтай үлес қосты.

Фестивальге 10 мыңға жуық адам жиналып, әртүрлі талғамға сай шаралар ұйымдастырылды. Ұлттық спорт түрлерінің жанкүйерлері Катонқарағайдың шетінде арнайы салынған ипподромда өткен көкпар, бәйге, аударыспақ және жамбы ату жарыстарын тамашалап, қызу қолдау көрсетті. Көрермендер үшін көлеңкелі әрі қауіпсіз жерде отырып тамашалауға мүмкіндік берген жабық трибуналардың болуы да қолайлы жағдай туғызды.

Әдебиет сүйер қауым үшін Топқайың ауылында поэзиялық кеш өткізіліп, ал фестивальдің басты сахнасында ақындар айтысы ұйымдастырылды. Айтыс жеңімпаздарына жүлделерді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жеке өзі табыстады. Сыйақы мөлшері 3 миллион теңгеден 750 мың теңгеге дейін болды.

Фестиваль күндері «Берел» музей-археологиялық кешенінің аумағында түркітанушы ғалымдар мен музей саласының мамандарының ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Сонымен қатар, осы күндері Берелдегі «Патшалар алқабына» туристер ағыны ерекше артты. Тіпті көкпар жарысынан кейін ауыл спортшылары да өздерінің ежелгі ата-бабалары – темір дәуіріндегі сақтардың тұрмыстық бұйымдарын көру үшін музейге арнайы барып жатты.

Фестивальдің шарықтау шегі әрі ең әсерлі сәті ашық аспан астында өткен гала-концерт болды. Онда түркі дүниесі өкілдері тұратын 11 елден келген өнерпаздар өнер көрсетті. Көрермендер этно-фолк бағытындағы «Тұран» тобының орындауындағы дала әуендерінің заманауи үнін тамашалады.

 

Фестивальдің барлық үш күні бойы этноауылда қызу тіршілік жүрді. Мұнда Шығыс Қазақстанның әрбір ауданы өз киіз үйлерін тігіп, өңірдің мәдениеті мен дәстүрін таныстырды. Ал жергілікті кәсіпкерлер жәрмеңке мен фуд-корттың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Қонақтар түрлі шашлық түрлерін, палауды, фаст-фуд тағамдарын татып көріп, сондай-ақ бал мен халық қолөнер бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Фестивальді енді жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Сондықтан 2026 жылғы фестивальге бұдан да көп қонақ жиналады деген үміт бар.

Осындай ауқымды шараны өткізу, оның ұйымдастырылуы күрделі әрі қаржылық шығыны көп болғанына қарамастан, Шығыс Қазақстанда туризмді дамытуға ықпал ететін тиімді құралдардың бірі болып табылады. Бұл өңірдің танымалдығын арттырып қана қоймай, оның мәдени-тарихи бейнесін қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Есеп қарапайым: фестивальден жарқын әсер алған қонақтар кейін бұл өңірге қайтадан, бірақ бұл жолы қарапайым турист ретінде оралуы әбден мүмкін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button